Бүгін Ақтау қаласында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақы нақыштағы «Абадан» ағаш ойыншықтары жобасының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жоба жетекшісі Гүлназ Насыреддинқызының айтуынша, ойыншықтар табиғи, таза өнімнен жасалған, бояуы да балаға зиянсыз. Сонымен қатар аталған ойыншықтар ұсақ қол моторикасын дамытады және ұлттық құндылықты насихаттауға септігін тигізеді.
- Қазіргі таңда балалардың 95 пайызы шетелдік мультфильм кейіпкерлерінің ойыншықтарын пайдаланады. Ал бізде ұлттық нақыштағы тәрбиелік мәні бар ойыншықтар жоқтың қасы. Осы ретте «Абадан» ағаш ойыншықтарын жасауды жөн көрдік. Әзірге 50 шақты ойыншық бар. Пилоттық жоба ретінде бір балабақшада тәжірибеден өткіздік. Балаларға ұнағанын байқадық, - деді жоба жетекшісі Гүлназ Насыреддинқызы.
Ойыншықтардың өз аты бар, атап айтқанда, "Балансир лабиринт", "Сәукеле санамақ ойыншығы", "Жеті қазына пазл ойыншығы", "Ұлттық тағам ойыншығы", "Әже мен немеренің пазлы", "Төрт түліктің жартысын тап", "Қазақи нақыштағы картиналар". Аталған ойыншықтар қолжетімді бағада сатылады.
Алдағы уақытта кәсіпкер ағаш ойыншықтарын кеңінен шығаруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, жоба "BI Жұлдызай" корпоративтік қорының қолдауымен іске асқан.